Атырау балықшылары Каспий теңізінен алып бекіре аулаған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында балық аулау ұжымшарларының негізі 1927 жылы қалана бастаса, көп ұзамай балықшылардың съезі өтіп, «Уралгубрыбак» одағы құрылған. Бұл туралы осы саланы зерттеп жүрген өлкетанушы Алма Тұрғанова айтып берді.
– КСРО жабдықтау комиссары А.Микоянның 1931 жылғы 9 мамырда Гурьев облысының кеңейтілген жиналысына қатысып, ірі балық консерві комбинаты салынатынын айтты. «Гурьевте дербес кеңсе құру керек. Бәлкім, трест болатын шығар. Өз флотын, кеме жөндеу, ыдыс жасау, бондарлық шеберхана секілді техникалық база құру қажет. Осы жылы жергілікті кадрларды дайындайтын балық техникумы ашылады. Құрылыс туралы мәселе шешілді. Гурьевте қуаты бойынша КСРО-да екінші ірі балық консерві комбинаты салынады» деген еді, - дейді Алма Тұрғанова.
Оның дерегіне қарағанда, 1930 жылдың басында Теңіз аудандық балық аулау ұжымшарларының одағы құрылды.
– Сол жылдың қыркүйегінде 13 ұжымшар Гурьев балық шаруашылығы одағына біріккен. Ал, 1931 жылы Жайық-Каспий аумағында ауланған балық 1925,6 мың центнерді құрады. Бұл – сол кезеңдегі рекордтық көрсеткіш. Сол жылы Қазақстанның балық өнеркәсібінің барлық кәсіпорнын біріктірген Жайық-Каспий мемлекеттік балық трест жұмысын бастады. Өйткені, балық аулау көлемінің ұлғаюы қайта өңдеуді дамыту қажеттілігін туындатты, - дейді Алма Тұрғанова.
Тағы бір жергілікті өлкетанушы Лев Гузиковтың пікіріне сүйенсек, мұнайлы өңірдің балық өнеркәсібіндегі алғашқы өндіріс орнының тарихы 1931 жылдан тамыр тартады. Сол жылғы 4 қазанда Гурьев балық консерві комбинатының құрылыс басталған.
– Балық консерві комбинатының жобалық қуаты жылына 24 млн консерві құтысына салынған балық өнімін шығаруға есептелген еді. Комбинат 1933 жылғы 6 қарашада іске қосылды. Комбинатта 1933 жылдың соңында 2013 консерві құтысына салынған балық өнімі шығарылды. Сол жылы комбинатта 2391 адам жұмыс істеді. 1958 жылы комбинат Гурьев аймақтық балық басқармасы, ал, 1976 жылы «Гурьев балық өнеркәсібі» өндірістік бірлестігі болып қайта құрылды. Оның құрамына Атырау кеме жөндеу зауыты, Шортанбай балық зауыты, машина-мелиорация стансасы (ММС), авкөлік базасы, материалдық-техникалық жабдықтау және қолдау кәсіпорны, 9 өндірістік цех пен 9 балық аулау серіктестігі кірді. Ал 1950 жылдары комбинат жыл сайын 17 млн консерві құтысын шығаратын, - дейді Лев Гузиков.
БАҚ бетінде 1950-1980 жылдар аралығында Каспий теңізінен ауланған алып бекіренің фотосы жиі жарияланған. Сондай фотоның кейбірі Kazinform агенттігінің лентасында көрініс тапқан. Мәселен, фотограф С.Огайдың объективіне 1959 жылы балық консерві комбинаты қызметкерлерінің бекірені өлшектеу сәті ілінген. Тағы бір фотограф Ю.Шиянов 1960 жылы Каспий теңізіне балық аулуауға шыққан алықшылар кемесін түсірген.
Өңір балықшылары су маржанын аулау үшін Жайық өзені мен Каспий теңізіне шыққан. Теңізден бекіре тұқымдас балық түрлерін аулана бастаған. Мәселен, 1977 жылы көктемгі балық аулау маусымының 2 айында 12 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері ауланған. Бағалы балықтан 1 250 тонна қарауылдырық дайындалған.
– Консерві цехы жылына 33 атаумен 22-23 млн консерві құтысы шығарылды. Кептірілген, ысталған және тұздалған балық өнімдері түрі 100-ден асты. Тіпті мал шаруашылығы үшін азықтық балық ұны да үлкен сұранысқа ие болды, - дейді Алма Тұрғанова.
Комбинатта жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. Мәселен, 1970 жылдан 1980 жылдың алғашқы кезеңінде комбинат жұмысшыларының саны 5 мыңнан асқан. Оның дені Балықшы кенті мен Жұмыскер, қазіргі Көкарна ауылдарынан алынған.
– Балық консерві комбинатының төрт қызметкері әр жылдары сол кездегі ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Олар – Айнаш Байжігітова, Ыбыраш Құдайбергенов, Ізтүрған Оразбаев пен Хасан Өтегенов, - дейді Алма Тұрғанова.
Тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Аққали Ахметтің мәліметіне сүйенсек, 1960 жылдан кейін комбинаттағы балық өнімінің көлемі күрт өскен. Жыл сайын 20-21 млн балық консервісі шығарылған.
– Жайық өзені мен Каспий теңізінен ауланған балық өнімдеріне сұраныс еселеп артты. Консервіге салынған дайын КСРО құрамындағы республикалардың бәріне дерлік жіберілетін еді. Балық өнімдері бірнеше мемлекетке экспортқа шығарылды. Оның ішінде Герман Демократиялық Республикасы, Моңғол Халық Республикасы, Чехословакия, Канада секілді елдер бар. Мәселен, 1961 жылғы 18 желтоқсанда Герман Демократиялық Республикасына теміржол вагонымен 834 жәшік балық өнімі жіберілді, - дейді Аққали Ахмет.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ашаршылық жылдары балық тиелген тарихи 14 вагонның бірі Арал музейінде тұрғанын жазған едік.