Атырау «экологиялық апат аймағы» атана ма — әкім жауабы

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысына экологиялық апат аймағы мәртебесін беру мәселесі бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов есептік баяндамасында айтты. 

Әкімнің айтуынша, бұл процесс өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Мұндай шешім қабылдау үшін ведомствоаралық комиссия құрып, оның келісімін алу қажет.

— Қазіргі таңда біз Экология министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге тиісті ұйымдарды тарта отырып, геологиялық, санитариялық және әлеуметтік зерттеулер жүргізіп келеміз. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен кездесулер өткізіп, алдын ала келісімдерге қол жеткіздік. ДДСҰ өз зерттеулерін аяқтаған соң, бұл мәселе қарауға ұсынылады. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі және халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр, — деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

2024 жылдың алғашқы 6 аймен салыстырғанда, биылғы 6 айда Атырауда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі 5 тоннаға дейін төмендеген.

Экологиялық заңнаманы бұзған 139 субъектке жалпы 2,3 трлн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

— Кешенді жоспар аясында 164,8 гектар жерге 476,6 мың ағаш, өңірлік жоспар аясында — 69,7 гектарға 145,7 мың ағаш отырғызылды, — деп толықтырды облыс әкімі.

Бұған дейін Серік Шәпкенов Атырау тұрғындарының 99,9%-ы су, газ және электрмен қамтылғанын айтқан еді.

Айта кетейік, Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1 300-ден аса жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңге бөлінген.

Атырауға 83 мыңнан астам турист келген. Әсіресе, ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы туризмді дамытудағы басты бағыттарға айналған.