Атырау экологиясына әсер ететін негізгі нысандар белгілі болды

Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы кейінгі жылдары жиі қайталанып келеді. Бұл туралы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты. 

Басқарманың мәліметінше, өңірдегі негізгі ластаушы кәсіпорындардың бірі – «North Caspian Operating Company N.V.» (NCOC) компаниясының «Болашақ» зауыты мен сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру полигоны (СТҚОП).

– 2021 жылы «NCOC» компаниясының автоматты станциялары бойынша Атырау қаласы мен Мақат ауданында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен жоғары және экстремалды жоғары деңгейде ластануының 238 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Мақат ауданы бойынша жоғары ластанудың 115, ал экстремалды жоғары ластанудың 4 жағдайы орын алған. Жоғары ластану фактілерінің 48 пайызы «Болашақ» зауытымен байланысты, - делінген басқарманың жауабында.

2022 жылы ластану жағдайларының саны азайғанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Сол жылы зертханалық бақылау бөлімінің мамандары 399 сынама алып, 1689 талдау жүргізген.

– 2022 жылы күкіртсутегімен жоғары ластанудың 167 жағдайы тіркеліп, оның ішінде Мақат ауданы бойынша – 42 жағдай анықталды, - делінген ресми құжатта.

2023 жылы да жағдай өзгеріссіз қалып, атмосфералық ауаның күкіртсутегімен 233 жоғары ластану жағдайы тіркелген.

– 2023 жылы тіркелген жоғары ластану жағдайларының 33,5 пайызы «NCOC» компаниясының «Болашақ» зауыты мен СТҚОП нысанымен байланысты. Мақат ауданы бойынша 78 жағдай тіркелді, - деп атап өтті басқарма.

Сол жылы бес мәрте шекті шоғырлану деңгейінен асып кету фактілері анықталған. Бұл ретте негізгі ластаушы көздер ретінде Атырау қаласының оң жағалауындағы «Квадрат» булану өрісі, «Атырау облысы су арнасы» РМК және «АМӨЗ» ЖШС көрсетілген.

2024 жылы экологиялық ахуал біршама тұрақталғанымен, экстремалды жоғары ластану жағдайлары қайта тіркелді.

– 2024 жылы күкіртсутегімен жоғары ластанудың 233, ал экстремалды жоғары ластанудың 5 жағдайы тіркелді. Оның ішінде Мақат ауданы бойынша 54 жағдай тіркеліп, бұл көрсеткіштің 23,1 пайызы «Болашақ» зауыты мен СТҚОП нысанына тиесілі, - делінген басқарманың ресми жауабында.

Ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде-ақ 89 жоғары ластану жағдайы тіркелген.

– 2025 жылдың 6 айында күкіртсутегімен жоғары ластанудың 89 жағдайы анықталды. Экстремалды жоғары ластану фактілері тіркелмеді, - деп нақтылады басқарма өкілдері.

Бұған дейін Қазақстанда бірқатар қалада ауаның ластану деңгейі жоғары күйде қалып отырғанын жазғанбыз.