Атырау футбол клубы толықтай жекеменшік басқаруға өтті

АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау» футбол клубы толықтай жекеменшік басқаруға өтті. Енді клубтың 100 пайыз үлесі «Caspian Football Group» ЖШС-не тиесілі.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Мұндай мәліметтті Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы жариялады. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысының кәсіби спортты дамыту және футбол клубтарын жекеменшік секторға беру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты.

Футбол клубының жаңа иесі – Болат Қонарбай. Жаңа басшылық өңірлік футболды дамытуға бағытталған бірқатар бастаманы жариялады. Жоспарларында балаларға арналған футбол академиясын салу, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңғырту және Атыраудағы футболдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бар. Бұл талап әкімдік тарапынан қойылған еді.

Сондай-ақ клубқа қосымша инвестиция тарту арқылы материалдық-техникалық базаны күшейту және кәсіби футболды жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.

Еске салайық, сәуір айында өңір клубы 77 млн теңгеге сатылған еді.