«Атырау» футбол клубынан бір мезгілде 8 ойыншы кетеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау» футбол клубының басшылығы командадан 8 ойыншының кететінін хабарлады. Оның ішінде 1 қақпашы, 2 қорғаушы, 2 жартылай қорғаушы мен 3 шабуылшы бар.
«Атырау» футбол клубының бас менеджері Дидар Сыдықбек командадан кететін ойыншылардың тізімін жариялады.
– «Атырау» футбол клубынан 8 ойыншы кетеді. Кеше жігіттермен сөйлесіп, алғыс айттық. Бәрін де назардан қалдырмаймыз. Клубсыз қалса, жұмысқа орналасуына көмек береміз, - деп хабарлады Дидар Сыдықбек.
Оның мәлім етуінше, футбол клубынан кететін ойыншылардың ең үлкені – Мейрам Сапанов.
Қорғаныс шебінде ойнаған оның жасы – 39-да. Онымен бірге Амандық Нәбиханов та қорғаушы болған.
Ал, Равиль Атыханов пен Роман Чирков жартылай қорғаушы, Едіге Оралбай, Абзал Шоқан мен Бағдәулет Зұлфықаров шабуылшы позициясында ойнады.
Сондай-ақ 19 жастағы қақпашы Санжар Ерниязов енді «Атыраудың» қақпасын қорғамайды. Ол – футбол клубынан кеткен 2 қақпашының бірі. Енді команда құрамында 1 қақпашы қалды.
– Жаңа бас жаттықтырушы өзге ойыншыларды қарым-қабілетін көреді. Содан соң шешім қабылдайды. Алдағы дүйсенбіде жаңа ойыншыларды таныстыра бастаймыз, - деп мәлім етті Дидар Сыдықбек.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы ресейлік қақпашымен келісімшартты тоқтатты.
Ал, кеше «Жеңіспен» кездесуден соң Денис Мамонов «Атырау» футбол клубының бас жаттықтырушысы қызметінен кетті.