«Атырау» футбол клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына 21,5 млн теңге қарызы бар

АТЫРАУ. KAZINFORM — «Атырау» футбол клубының Түркиядағы қысқы оқу-жаттығу жиынына байланысты қарызы бар. Клуб берешектің бар екенін растады.

Фото: fc_atyrau

Алдын ала мәлімет бойынша, «Атырау» футбол клубының түрік тарапына берешегі 42 200 еуроны, яғни 21,5 млн теңгені құрайды. Биыл қыста атыраулық команда бір айға жуық уақыт Түркияның Анталья қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізген. Арада шамамен жеті ай өткеніне қарамастан, жиынға қатысты қаржылық міндеттемелердің бір бөлігі әлі толық өтелмеген.

Клубтың хабарлауынша, аталған міндеттеме қазіргі басшылық қызметке кіріскенге дейін қалыптасқан.

— Аталған қаржылық міндеттемелер клубтың қазіргі басшылығы қызметіне кіріспей тұрып қалыптасқан. Қазіргі басшылық клубты басқаруға 2026 жылғы 17 сәуірден бастап кірісті және осы кезеңде бұрыннан қалыптасқан бірқатар қаржылық міндеттемені де қабылдап алды, — делінген клуб жауабында.

Қазір бұл мәселе клуб ішінде зерделеніп жатыр. Берешекті реттеу және түрік тарапымен қаржылық міндеттемелерді кезең-кезеңімен орындау бағытында тиісті жұмысты бастау жоспарланған.

— Клуб бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды және оны алдағы кезеңде толық реттеуге мүдделі, — деп хабарлады «Атырау» футбол клубының баспасөз қызметі.

Футбол клубы қазіргі уақытта «Мұнайшы» стадионындағы жаңғырту жұмысына байланысты үй матчтарын өзге қалада өткізуге мәжбүр. Облыс билігі «Судоремонтник» стадионының реконструкциясын осы айдың аяғына дейін бітіру жоспарлап отыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін «Атырау» клубы қарсыластарын өз қаласында қабылдайды.

Еске салайық, биыл «Атырау» футбол клубы толықтай жекеменшік басқаруға өтті.