Атырау – Индер тасжолындағы апат: бір адам көз жұмып, көлік өртеніп кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау – Индер автожолында Toyota Sienna және Niva автокөліктері соқтығысып, бір адам қаза тапты. Оқиға салдарынан Toyota Sienna көлігі өртеніп кеткен.

Фото: Kazinform

7 қараша күні облыстық маңызы бар Атырау – Индер автожолының 17-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Жол апаты салдарынан Niva автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал Toyota Sienna автокөлігі толықтай өртеніп кетті.

Облыстық полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу және басып озу кезінде жол қозғалысы қағидаларын бұзу жол апаттарына себеп болуы мүмкін.

- Белгіленген жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстаныңыздар. Қарсы бағытқа шығу және басып озу кезінде аса сақ болыңыздар,- деп үндеу жасады ПД.

Бұған дейін Атырау – Орал және Атырау – Индер жолдарын жалғайтын көпірде ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылғанын жазған едік.