Атырау-Индер трассасы су өткізетін құбыр салу үшін уақытша жабылады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Индер бағытындағы облыстық маңызы бар трасса су өткізетін құбыр салу үшін уақытша жабылады. Бұл жолды бүгін түн ортасында жабу көзделіп отыр.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың мәліметінше, бүгін, 20 мамырда аталған жолдың 25-шақырымының үстімен тасқын су өткен.
«Жайық өзенінен жазыққа жайылған судың жол үстіне шығып кетті. Осыған байланысты жолдың Жайық жақ бетіне жедел бөгет соғу жұмысы жүріп жатыр. Қазір оқиға орнында 15 ауыр техника жол жиегіне бөгет соғу үшін топырақ төгуге тартылды. Бөгет салуға 15 адам жұмылды. Әзірге жол жабылған жоқ. Бірақ, 20 мамырдан 21 мамырға қараған түнгі сағат 00:00-де жол уақытша жабылады. Сол кезде бұл жолға су өткізгіш құбырлар салу жұмысы жүргізіледі», -деді Нұржан Ермұханов.
Оның айтуынша, Атырау-Индер трассасы ертең, 21 мамырда сағат 06:00-де қайта ашылады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Орал трассасының 71-шақырымында жол үстімен су өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.