Атырау-Индер трассасына су өткізетін 6 құбыр салу әлі аяқталған жоқ

Фото: ТЖМ

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау-Индер бағытындағы трассаға су өткізетін 6 құбыр салу әлі аяқталған жоқ.

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің айтуынша, тасқын судың көп келуіне байланысты жолға су өткізетін тағы 6 құбыр салынып жатыр. 

«Бұл жұмыс 24-30 сағатқа жоспарланды. Қазір жолға құбыр салу ісін 25 адам атқарып жатыр. Оған 40 техника тартылды. Өңір үшін аталған жолдың стратегиялық маңызы зор. Сол себептен бұл жұмысты, бүгін, 23 мамыр түнгі сағат 00:00-ге дейін аяқтау жоспарланып отыр», -деді Әлібек Мұхамбетәлиев.

Оның айтуынша, бұған дейін «Атырау-Индер» трассасының 24-шақырымына су өткізуге арналған 6 құбыр салынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Индер трассасы су өткізетін 6 құбыр салу үшін тағы уақытша жабылатынын хабарлаған болатынбыз.