Атырау облысы жедел штабының ақпаратына қарағанда, Жайық өзенінің сол жағалауындағы жолдың жабылуына тасқын судың молдығы себеп болып отыр.
«Өр суының қарқыны күшеюіне байланысты Атырау-Индер трассасының Атырау қаласына кіретін бөлігі көліктің барлық түрі үшін жабылды. Көлік қатынасы тоқтатылды»,-деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Штабтың мәліметінше, Жайық өзенінің оң жағалауындағы Атырау-Орал трассасының 44-ші және 71-шақырымы жабық тұр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 44-шақырымы жырылды.
Кейін Махамбет ауданындағы 56-шақырымы бүлінген еді.
Сондай-ақ, Атырау-Орал трассасының 71-шақырымында жол үстімен су өтіп жатқанын жазған едік.