Атырау қаласында ит аулау жұмысы тоқтап қалды

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау қаласында қаңғыбас иттерді аулау жұмысы уақытша тоқтап тұр. Үш айлық келісімшарт аясында 3 мыңға жуық ит ауланса, жыл соңына дейінгі жаңа конкурс әзірге жарияланбаған.

Фото: almaty.tv

Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, үш айлық келісімшарт аясында 3 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланған. Техникалық талапта қалалық әкімдік бір итке қатысты жұмысты 8 мың теңгеге бағалады. Бұл құнға аулау, уақытша ұстау, тасымалдау және жою кіреді. Нақты қаралған 36 млн теңгені 8 мың теңгеге бөлетін болсақ бұл қаржы 4500-дей итті қамтуға жетеді.

– Жұмыстар Атырау облыстық мәслихаты бекіткен қағидаларға және қолданыстағы келісімшарт талаптарына сәйкес жүргізілді. Аталған кезеңде жұмыстар тұрғындардан келіп түскен өтініштер негізінде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қоғамға қауіп төндіретін, адамдар мен жануарларға шабуыл жасаған, сондай-ақ емделмейтін ауру белгілері бар жануарларды аулау шаралары қолға алынды, – деп хабарлады әкімдіктен.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауланған иттер табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілмеген. Мердігер мен әкімдік арасындағы келісімде стерилизация қарастырылмаған. Қазір жыл соңына дейінгі кезеңді қамтитын жаңа келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатыр.

– Бұған дейін қолданылған үш айлық тәжірибеден айырмашылығы, ендігі жоспар бойынша жыл соңына дейінгі мерзімді қамтитын бір конкурс өткізу көзделіп отыр. Қажетті қаржы көлемі жоспарланған жұмыстың ауқымына және аулануы тиіс жануарлар санына сәйкес айқындалады. Қазіргі уақытта конкурсқа қажетті құжаттарды әзірлеу және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы электрондық конкурс жариялау жұмысы жүріп жатыр, – деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Былтыр Атырау облысында 10 мыңға жуық бұралқы ит ауланған еді.