Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаевтың ісіне қатысты сот үкімі шықты

Фото: Фото: @qazaqstantv

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаевтың ісіне қатысты сот үкімі шықты.

Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 25 желтоқсанда №2 сотта 
экс-әкім Қайрат Оразбаевтың ісіне қатысты үкім шығарылды. Сот үкімімен экс-әкімге бас бостандығын 3 жылға шектеу жазасы берілді. 

Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі 2023 жылдың 10 қарашасында мұнайлы шаһардың экс-әкімі Қайрат Оразбаевтың қамауға алынғаны туралы ақпарат таратты. Сол кезде Атырау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды. 

– 2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға, оның ішінде жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және тағы басқа санатқа жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. Осыған байланысты бүгін ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды, - деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен.

Кейін Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі экс-әкімнің екі айға қамауға алынғанын мәлім етті. 

– Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен Қайрат Оразбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ал былтырғы желтоқсанда Атырау қаласының экс-әкімін тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберуге қаулы шығарылды

– Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен Қайрат Оразбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған еді. Атырау облысы прокурорының өтінішхаты бойынша мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылдың 22 желтоқсандағы қаулысымен Қ.Оразбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы оның денсаулық жағдайына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді, -деп мәлім еткен еді соттың баспасөз қызметі.

Қайрат Оразбаевтың мамандығы – мұнайшы. Ол Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болған.

Ал 2020 жылғы қаңтарда Атырау қаласының әкімі болып тағайындалған. Бұл лауазымнан 2022 жылғы қаңтарда босатылған.