Атырау қаласының экс-әкімі тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберілді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев уақытша тергеу изоляторынан үйқамаққа шығарылды. Мұндай шешім қабылдауға бұрынғы әкімнің денсаулық жағдайы себеп болған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі растаған дерекке қарағанда, экс-әкім үйқамаққа бір ай бұрын шығарылған.
«Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен Қайрат Оразбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған еді. Атырау облысы прокурорының өтінішхаты бойынша мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылдың 22 желтоқсандағы қаулысымен Қ.Оразбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы оның денсаулық жағдайына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, былтырғы қарашада Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған еді.
«2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға, оның ішінде жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және тағы басқа санатқа жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. Осыған байланысты бүгін ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды», - деп мәлім еткен еді прокуратураның баспасөз қызметінен.
Кейін бұрынғы әкім Қайрат Оразбаев екі ай қамауда отыратынын жазған едік.
Қайрат Оразбаевтың — мамандығы мұнайшы. Ол біраз жыл Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеп, кейін бас директоры болған. Бұдан соң Атырау қаласының әкімі лауазымын атқарған.