Атырау қаласының маңында жүк көлігі аударылып, цистернадан мұнай төгілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңында мұнай тасымалдайтын жүк көлігі аударылды. Соның саладрынан жерге мұнай төгілді.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, оқиға 17 сәуірде кешкі сағат 19:00 шамасында болған.
– Атырау қаласының Көктем шағын ауданы тұсында КамАЗ маркалы автокөлік тас жолдан шығып кетіп, жиекке аударылды. Соның салдарынан көлік цистернасынан мұнай өнімі төгілді. Төтенше жағдай департаментінің құтқаушылары болуы ықтимал өрт пен жарылыстың алдын алу үшін көбік шашты, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Аталған оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Апаттың салдарын қылпына келтіру түнгі сағат 22:50-де аяқталды.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінен 12 қызметкер, 3 техника тартылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір күнде жол апатынан 5 адам мерт болғанын хабарлаған едік.