Атырау: Қызылқоғадағы құм көшкінін тоқтатуға 647,9 млн теңге бөлінді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы құм көшкінін тоқтатуға 647,9 млн теңге бөлінген.
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, аталған ауданның бірнеше елді мекенінде құм көшкіні жүреді. Құм көшкіні әсіресе, Сағыз, Қызылқоға, Ойыл ауылдық округі мен Бүйрек елді мекенінде жиі байқалады.
«Қызылқоға ауданы аумағындағы жердің басым бөлігі жазық әрі шөлейтті болғандықтан, жиі жел соғады. Екпіні қатты жел құм көшкінінің жүруіне себепкер болады. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін ауылдардың жан-жағына сексеуіл егіле бастады», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шәліковтың айтуынша, Қарабау ауылы маңындағы 6 гектар аумақ қоршалған. Енді сексеуіл мен көпжылдық шөп егу жоспарланып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, аталған жобаға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс берген. Жобаны іске асыратын мердігерлікке «Еділ-Строй Сервис» ЖШС таңдалған. Жобаның құны – 647 млн 981 мың 499 теңге.
«Қазір құм көшкінін тоқтату жұмысы Сағыз, Ойыл ауылдық округтері мен Бүйрек елді мекенінің аумағында жүріп жатыр. Жобаны жылдың соңында аяқтау жоспарланған», - деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Қызылқоға ауданында су тасқынынан зардап шеккендердің шығыны толығымен өтелгенін жазған едік.