Атырау көшелерінен кешеден бері 2,4 мың тонна су сорылды

Фото: Фото: Атырау әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында күн райы құбылып тұр. Кейінгі екі күнде қар аралас жаңбыр жауып, көшелер суға толды.

Шаһар тұрғындары әлеуметтік желіде аулалар мен көшелерді су басқанына шағымданып жатыр.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 109 бірыңғай байланыс орталығына 5-6 ақпан күндері 78 мекен-жайдан 458 қоңырау түскен. 

Фото: Атырау әкімдігі

«Атырау қаласында 5 ақпаннан бері артық жауын-шашыннан бір айлық мөлшерден ылғал түсті. Қазір ылғалдың мөлшері 13 мм-ден артық болғаны уақытша қолайсыздық тудырып отыр. Осыған орай, қала көшелерінен еріген қар мен жаңбыр суын сору жұмысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Су соруға 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылды. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың аумағы көп мөлшерде су жиналған көшелерге назар аударылды. Бүгін, 6 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 13:45-ке дейін қала көшелерінен 2 450 тонна су сорылды», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске сала Атырауда тұрғын үй алу кезегінде 21 мыңнан астам адам тұрғанын жазған болатынбыз.