Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, оқиға салдарынан үш машинист жарақат алған.
– Атырау облысында Тендік стансасының күзетілмеген теміржол өткелінде жүк пойызы «КамАЗ» жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысты. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар депаратментінің қызметкерлері жедел жетіп, құтқару жұмысын жүргізді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тепловоз кабинасынан үш машинист шығарды. Олардың аяқ-қолдары сынған. Зардап шеккен машинистер ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Оқиға салдарынан 11 жүк вагоны релстен шығып кеткен. Ал «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі зардап шекпеген.
Теміржол стансасындағы оқиғаның салдарынан Қарабатан стансасында «Маңғышлақ-Атырау» жолаушылар пойызы кешіктірілді. Теміржолдағы апаттың салдарын жою үшін қалпына келтіру пойызы жіберілді.
Қазір оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 12 құтқарушы мен 4 арнайы техника тартылған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Атырау облысында локомотив пен 11 вагон рельстен шығып кетіп, жұмысшылар зардап шеккенін жазған болатынбыз.