Атырау маңындағы ауылда пошта ғимараты өртеніп кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы ауылда пошта ғимараты өртенді.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін, 8 қазанда болған.
«Таңертеңгі сағат 09:12-де Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «Қазпошта» АҚ-ның филиалынан шақырту түсті. Шақырту орнына құтқарушылар жедел жетіп, ғимараттың төбе жабындысының өртенгенін анықтады. Жалын сағат 09:39-да оқшауланып, сағат 09:47-де толық сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрттен ешкім зардап шекпеген. Пошта ғимаратындағы жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 15, апаттық медицина орталығынан 3 қызметкер, 1 техника тартылған.
Төтеншеліктер өрттің неден тұтанғаны туралы мәлімет берген жоқ. Жалынның салдарынан ауылдағы пошта ғимараты жарамсыз болып қалды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінің жағалауындағы 5 гектар аумақта қамыс өртеніп жатқанын жазған едік.