Атырау маңындағы каналда балық оттегінің жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін

Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы каналда балық оттегінің жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін. Каналдан 28,5 келі өлген балық жиналды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашевтың мәліметіне қарағанда, бүгін «Теплый» каналындағы судың температурасы +39,5 градус, оттегінің мөлшері 6 мл/дм3 болған.

«Аталған каналдағы суға зерттеу жүргізілді. Көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзенінен асқан су Соколок каналына құйылған. Тасқын сумен бірге Соколок арқылы балықтар «Теплый» каналына өткені анықталды. Бұл каналдағы балықтың қырылуының болжамды себебі – су температурасының жоғарылауына байланысты оттегінің азаюы. Өлген балықтың жалпы салмағы – 28,5 келі. Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мамандары зертханалық зерттеулер үшін каналдағы судан сынамалар алды», - дейді Алмас Жұмашев. 

Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен бірге санитарлық нормаларды толық сақтай отырып, өлген балықты жинау жұмысы жүргізілген. 

Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың маңындағы каналда балық өліп жатқанын хабарлаған едік.