Белгісіз біреулер Атырау маңындағы зиратты зақымдаған

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылы маңындағы мұсылман зиратында вандализм әрекеті тіркелді.

Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, белгісіз біреулер бірнеше бейіттегі жарты ай бейнесін бүлдіріп кеткен. Кейбір қабірлерде белгі мүлде жұлынып тасталса, басқаларында жартылай зақымданған. Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаменті түсініктеме берді.

— Еркінқала ауылы маңындағы зираттарды бүлдіру дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі қосымша хабарланатын болады, — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті.

Бұған дейін Алматы облысында зираттың құлыптастарын қиратқан күдікті ұсталғанын жазғанбыз.