Атырау мен Ақтөбе арасындағы тікелей әуе рейсі қайта ашылады

АТЫРАУ. KAZINFORM – 10 шілдеден бастап Атырау – Ақтөбе бағыты бойынша тікелей әуе рейстері қайта жанданады. Бұл бағытта аптасына тұрақты 2 рейс орындалады.

Фото: Көлік министрлігі

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған бағыттағы жолаушылар тасымалын SCAT әуе компаниясы іске асырады.

Жоспар бойынша Атыраудан Ақтөбеге ұшақ дүйсенбі және жұма күні ұшса, Ақтөбеден қайту рейсі бейсенбі мен жексенбі болады.

Жаңа кесте екі өңір арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Жазғы маусымда туристік бағыттағы Тальго пойыздарына 20% жеңілдік берілетінін жазған едік.