Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, кәсіпорынның іске асырылып жатқан табиғат қорғау іс-шараларымен және экологиялық көрсеткіштерімен танысты.
Кәсіпорын қоршаған ортаға әсер ету деңгейін дәйекті түрде төмендетеді. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 22 % — ға-2020 жылғы 20 123 тоннадан 2025 жылға қарай 15 642 тоннаға дейін қысқарды.
Экологиялық рұқсатқа сәйкес 2026 жылға шығарындылардың рұқсат етілген көлемі 14 637 тоннаға дейін төмендетілді.
АМӨЗ өндірістік объектілерінде эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі (АСМ) енгізілді, ол тәулік бойы негізгі ластаушы заттардың шоғырлануын және технологиялық параметрлерді бақылайды. Орташа деректер әр 20 минут сайын Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне беріледі.
Сонымен қатар, кәсіпорында санитарлық-қорғау аймағының периметрі бойынша орналасқан атмосфералық ауаның сапасын бақылаудың төрт автоматты станциясын қамтитын экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Экопосттардан алынған деректер сағат сайын «Қазгидромет» РМК-ға келіп түседі, AirKz қосымшасына біріктіріледі және қала мен кәсіпорынның ақпараттық LED-экрандарында көрсетіледі. Келешекте атмосфералық ауаның сапасын бақылаудың тиімділігін арттыру үшін мониторинг жүйесін жаңғырту көзделген.
Зауытта табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді. «Tazalyq» жобасы аясында ағынды суларды механикалық тазарту қондырғысын қайта жаңарту аяқталды. Жаңғыртудың арқасында ағынды сулармен келетін ластаушы заттардың көлемі азайды, ал тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану 258 мың текше метрге жетті. Сондай-ақ, буландырғыш тоғанның бірінші және екінші секторларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қалған секторлар бойынша жұмыстар жобаның келесі кезеңі іске асырылғаннан кейін орындалатын болады.
Бұдан басқа, 2026-2028 жылдары АМӨЗ өзінің әсер ету аумағында биоалуантүрлілікті зерттеу және мониторингтеу бағдарламасын іске асырады. Бағдарлама халықаралық экологиялық стандарттарға, Қазақстан Республикасының биоалуантүрлілігін сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі Тұжырымдамаға, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ экологиялық стратегиясына сәйкес келеді және өндірістің қоршаған ортаға әсерін одан әрі төмендетуге бағытталған.
Айта кетелік Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу мерзімінен бұрын аяқталған еді.