Атырау мұнай өңдеу зауытына 12 млн теңге айыппұл салынды
Атырау мұнай өңдеу зауытына технологиялық газды ауаға жаққаны үшін 12 млн теңге айыппұл салынды. Алайда, кәсіпорын соттың бұл қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «АМӨЗ» ЖШС-ға экологиялық заңнамалар талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Жоспардан тыс тексеру кезінде биылғы 3 шілдеде сағат 17:25-те Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөнгені расталды. Соның салдарынан ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысын қоспағанда, зауыттың технологиялық қондырғыларының жұмысы апатты жағдайда тоқтаған. Жергілікті уақытпен сағат 17:47-де зауытқа электр қуатын беру толығымен өшкен. Осыған байланысты «ПАЗ» автоматтандырылған авариялық қорғанысы іске қосылып, алау жүйесінде технологиялық газ жағылған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тексеру қорытындысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырылып, одан әрі қарау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған. Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға тиісті эмиссия көзінің жұмысына экологиялық рұқсаттың қолданылуын тоқтатпай, 12 млн 14 мың 550 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
«Сот қаулысымен келіспеген «АМӨЗ» ЖШС Атырау облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді. Алайда, Атырау облыстық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылып, «АМӨЗ» ЖШС-нің шағымы қанағаттандырылудан бас тартылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру қарашаға дейін жалғасатынын жазған едік.