Атырау мұнай өңдеу зауытында иіс шығаратын мұнайтұтқыш нысаны жойылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-да табиғатты қорғау шаралары аясында қоршаған ортаға әсер ететін ашық көздің бірі – РЕКС мұнайтұтқышын жою жұмыстары аяқталды.
Зауыттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1945 жылы пайдалануға берілген нысанның ауманы – 1 000 шаршы метр. Ал жобалық көлемі 6 233 шаршы метрді құраған.
– Былтыр қазан айында мұнайтұтқышты босату жұмыстары басталды. Содан бері 7 100 тонна қалдық шығарылды. Биыл сәуір айында нысан толықтай жойылды. Бұл жоба – Атырау мұнай өңдеу зауытының тұрақты даму қағидаттары аясында қоршаған ортаға экологиялық әсерді азайту, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралардың бірі ретінде қолға алынды, - деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.
Енді мұнайтұтқыштың орнына буферлік сыйымдылық пен шағын конденсаттық станция салу жоспарланған. Жаңа нысандар штаттан тыс жағдайлар кезінде ағынды суларды қабылдап, уақытша сақтау үшін пайдаланылады.
– Зауыттың аумағында 2023 жылы Tazalyq экологиялық жобасы аясында жүргізілген механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары кезінде 5 ашық тоған жойылған еді. Алтыншы бассейн – апаттық қамбаның беті аспалы құрылыммен жабылды, - деп мәлім етті зауыттың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғындарын алаңдатқан экологияның жақсармай тұрғанын жазған едік.