Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, жоспарлы алдын алу жұмыстары өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізілген.
– Жөндеу барысында 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна және 231 жылу алмастырғыш жабдыққа техникалық куәландыру, тексеру және сараптама жүргізілді. Сонымен қатар құбыр желілерінің жекелеген учаскелері жаңартылып, бірқатар технологиялық қондырғыда 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылды. Автобензин, дизель отыны және авиаотын секілді жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру мақсатында ЭЛТҚ АВТ-3 қондырғысындағы вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылды, – деп мәлімдеді зауыттың баспасөз қызметі.
Жоспарлы жөндеу жұмыстарына шамамен 1700 маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
Кәсіпорын мәліметінше, 8 шілдеде жоспарлы жөндеуден кейін зауыт алғашқы мұнайды қабылдап, технологиялық қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосуға кіріскен.
Бұдан бөлек, зауытта қосымша резервтік қуат көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін сыртқы энергетикалық инфрақұрылымды реконструкциялау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге кәсіпорын жабдықтарының сенімділігін арттыру мақсатында үш жылдық жөндеуаралық циклге көшу жөніндегі стратегиялық жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы 80 үй көшірілуі мүмкін екенін жазған едік.