Атырау мұнай өңдеу зауытының бюджетке төлейтін салығы былтырғыдан 1,5 есеге артты
Атырау облысындағы ірі салық төлеушілердің қатарында мұнай өңдеу зауыты да бар. Биыл отандық кәсіпорынның бюджетке төлейтін салығы былтырғыдан 1,5 есеге артып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімі ұсынған ақпаратқа қарағанда, биыл қаңтар-қараша айлары аралығында зауыт 142 млрд теңгеден астам салық төлеген. Оның ішінде 22,2 млрд теңге республикалық бюджетке, ал, 120 млрд теңгеден астамы жергілікті қазынаға түскен.
«Былтыр Атырау мұнай өңдеу зауытынан түскен салық төлемдері Атырау қалалық әкімдігі бюджетіндегі жалпы шығыстың 33 пайызын құрады. Енді биыл жыл соңына дейін кәсіпорын бюджетке төлейтін салықтың көлемін 154,7 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, былтырғы көрсеткіштен 1,5 есе артты», - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Зауыт басшыларының айтуынша, салық төлемдерінің ұлғаюына әсер еткен бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл зауытта жүргізілген үш кезеңді жаңғыртудың экономикалық тиімділігімен байланысты болып отыр.
Екіншіден, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде дизель отыны, бензин, керосин және параксилол секілді қосылған құны жоғары ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көлемі артқан.
Үшіншіден, салық төлемдерінің өсуіне бензин мен дизель отынына акциз ставкаларының көтерілгені ықпалы тиген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істеуге көшкенін хабарлаған едік.