Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысынан қара түтін будақтады

Фото: Фото: Әлеуметтік желіден алынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін түсқайта Атырау мұнай өңдеу зауытында қара түтін будақтады. 

Атырау облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 28 сәуірде сағат 15:30–да К-0251 компрессорының жұмысы тоқтаған. 

— Соған байланысты каталитикалық крекинг қондырғысынан шикізат шығарылды. «Sulfrex» сұйытылған газды күкіртсіздендіру, бутен олигомеризациясы және крекинг нафтасын селективті гидрлендіру қондырғылары ішкі айналымға ауыстырылды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Алау қондырғысында қара түтін будақтады. 

— Қазір департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындау жөнінде жұмыс жүріп жатыр. Қабылданған шешім туралы қосымша хабарланады, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі аталған оқиғаны растамады, не жоққа да шығармады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қуаныш Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалғанын хабарлаған едік.