Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысында ауаға газ жағылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытының бензинді гидротазарту қондырғысының бу колоннасында серіппелі сақтандырғыш клапаны іске қосылған. Соның салдарынан артық газ штаттан тыс жағдайлардың алдын алу үшін ауаға газ жағылған.

Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі бұл деректі растап, ақпарат таратты. 

«Бүгін, 29 қарашада сағат 09:57-де Naphtha HT (3204 титулы) бензинін гидротазарту қондырғысында бу колоннасының серіппелі сақтандырғыш клапаны іске қосылды. Сол себептен, артық газ штаттан тыс жағдайлардың алдын алу үшін алау жүйесіне жіберілді. Қазір қатаң регламентке сәйкес технологиялық процесс тұрақтандырылды. Бұл жағдай қондырғының жұмыс режиміне әсер етпегенін растаймыз. Технологиялық процесс штаттық режимде жалғасып жатыр», — деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Қазір зауыт мамандары клапанның іске қосылу себептеріне талдау жүргізуді бастаған.

«Барлық іс-шаралар қолданыстағы нормативтік құжаттар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарының талаптарына толық сәйкес орындалады. Аталған оқиғаның себептері мен қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат барлық қажетті іс-шаралар аяқталғаннан кейін беріледі. Зауыт ашықтыққа, заңнаманы сақтау және жабдықты қауіпсіз және сенімді пайдалануды қамтамасыз ету қағидаттарына өзінің адалдығын растайды», — деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ауасы ластанған Атырауда қоршаған ортаны қай компаниялар бүлдіретінін хабарлаған едік.