Атырау мұнай өңдеу зауытының қорында қанша жанар-жағар май бар
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 қазаннан бері жоспарланған алдын алу жұмысы басталған еді. Қазір бұл зауыттың қорындағы жанар-жағар майдың қоры қанша?
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына қарағанда, қазір жоспарланған алдын алу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Соның аясында бірнеше бағыттағы жұмыс қолға алынған. Бұл – жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдығының ішкі құрылғыларын модификациялау. Сондай-ақ, қысыммен жұмыс істейтін құралдарды тексеру мен қадағалау жөнінде іс-шаралар қолға алынған.
«Зауыттың бұрын жиналған қоры есебінен жоспарланған алдын алу жұмыстары кезінде Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес бензин, дизель отыны, сұйытылған газ, авиаотын және басқа да мұнай өнімдері тұрақты әрі жүйелі жөнелтіліп жатыр. Қазір зауыттағы резервуар паркінде10,9 мың тонна автобензин, 4,1 мың тонна дизель отыны, 2,4 мың тонна авиотын және 100 тонна сұйытылған газ бар. Күн сайын орта есеппен 1,1 мың тонна автобензин, 1,2 мың тонна дизель отыны жөнелтіліп отыр. Батыс Қазақстан облысының мұнай базаларында 2024 жылдың 16 қазандағы мәлімет бойынша АИ-92 маркалы бензиннің 2,7 мың тоннасы сақталып тұр. Жолда шамамен 1,29 мың тонна өнім бар. АИ-92 бензинінің базадағы және жолдағы жалпы көлемін ескерсек, Батыс Қазақстан облысында 3,98 мың тонна бензин бар. Бұл – шамамен екі аптаға жететін қор», -деп хабарлады кәсіпорынынң қоғаммен байланыс бөлімі.
Сондай-ақ ішкі нарықта тұрақты жағдайды сақтап тұру үшін «ҚазМұнайГаздың» басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармай материалдарының жекелеген түрлерін өндіру көлемі ұлғайтылған. Мәселен, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-дан және «ПҚОП» ЖШС-нен (Шымкент МӨЗ) күніне орта есеппен сәйкесінше 4,2 мың және 7,4 мың тонна автобензин, 7 мың және 5,5 мың тонна дизель отыны жөнелтіледі.
«Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстарын қазан айының соңында дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кәсіпорын осы кезде тұрақты технологиялық режимге шығады», - деп мәлім етті кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары басталғанын хабарлаған едік.