Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында ауа сапасы күні-түні тексеріліп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда мұнай өңдеу зауытының маңында ауа сапасына мониторинг жүргізу басталды. Ауа сапасын тексеру 7 мамырға дейін жалғасады.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС мамандары 26 сәуірде мониторинг жүргізуге кіріскен.
– Бұл мониторинг «АМӨЗ» ЖШС-нің санитариялық-қорғау аймағының нақты шекарасын белгілеу мақсатында қолға алынды. Зауыттың өндірістік алаңының есептік санитариялық-қорғау аймағының шекарасында, тұрғын үйлер орналасқан аумақтан тыс 8 бағыт бойынша атмосфералық ауаны және физикалық факторларды зерттеу үшін мониторингтік жұмысы жүргізіліп жатыр. Ең негізгі мақсат – қоршаған ауадағы ластаушы заттардың құрамын табиғи зертханалық зерттеулер жүргізу және атмосфералық ауаға физикалық әсер ету деңгейін өлшеу арқылы санитариялық-қорғау аймағының есептік шекарасының өлшемін растау, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ауа сапасына мониторинг жұмысы күндізгі және түнгі мезгілде жүргізіледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысынан қара түтін будақтағанын хабарлаған болатынбыз.