Бүгінде «Судоремонтник» стадионында «Атырау» футбол клубының ойыншылары жаттығады. Бұл нысанға «Мұнайшы» стадионындағы реконструкцияға байланысты тағы бір маңызды міндет жүктелді. Енді мұнда «Атырау» ФК-ның өз алаңындағы матчтары өтеді. Қазір стадиондағы негізгі құрылыс жұмыстары шамамен 90%-ға аяқталған. Бас мердігер — «YAAY» ЖШС.
— Нысанда 20 маман жұмыс істеп жатыр, 6 техника жұмылдырылған. Реконструкция аясында ғимараттың шатыры толық жөнделіп, жарықтандыратын діңгектер қондырылды. Үш мың көрерменге арналған мінбе орнатылып, VIP-қонақтарға арналған бөлек сектор жабдықталды. Қазіргі уақытта резеңке жабынды төсеу, кіреберісті әрлеу және кішігірім құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Кестеден белгілі бір деңгейде ауытқу бар, оған мінбелер мен металл конструкциялар жасап шығаратын көршілес Ресей зауытының тапсырысты кеш жеткізуі себеп болды. Келісімшарттағыдан екі есе ұзақ уақыт кетті, — деді жоба жетекшісі Азамат Кенжеғалиев.
Енді мердігер бұл олқылықтың орнын толтыруы шарт. Облыс әкімі қалған жұмыстың барлығын қыркүйектің аяғына дейін бітіруді тапсырды.
Жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі стадионның алдағы тағдырын айқындамақ. «Судоремонтник» реконструкциядан соң Қазақстан футбол Федерациясының сертификациясынан өтуі тиіс. Сол себепті аймақ басшысы мердігерге белгіленген мерзімде стадионның толық дайындығын қамтамасыз етуді жүктеді. Оның тағы бір маңызды себебі — «Судоремонтник» стадионында 14 қазанда «Атырау» футбол клубы өз алаңында «Елімай» командасын қабылдауға тиіс.
Команда стадионды келесі маусымда да, яғни «Мұнайшы» реконструкциясы аяқталғанша пайдаланады.
Бұған қоса, футболшылар тұратын және жаттығатын корпус пен базаның ішкі бөлмелері де жөнделіп жатыр. Қыркүйектің аяғына дейін белгіленген бірінші кезең дәліздер мен санитарлық аймақтарды тақташалармен қаптау, есіктерді қондыру, қабырғаларды косметикалық әрлеу, бөлмелерді жуынатын кабиналар мен санитарлық тораптары бар киім ауыстыратын орын ретінде қайта жоспарлау жұмыстарын қамтиды.
Мердігер жылыту, электрмен жабдықтау, желдету желілерін, терезелер мен сантехниканы толық жаңартуға ойын маусымы аяқталған соң кіріседі.