Атырау облысы: «Ақжайық» резерватында екі күн жанған қамыс өрті өшірілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Ақжайық» резерватында екі күн бұрын қамыс өртенген еді. Бүгін кеште Каспий теңізінің жағалауындағы жалын өшірілді. 

Фото: mangystaumedia.kz

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, резерват аумағындағы жалын 9 қазанда анықталған.

«Кеше 10 қазанда Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта қамыс өрті оқшауланған еді. Бүгін, 11 қазанда сағат 18:00-де қамыс өрті толық өшірілді. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайықй мемлекеттік табиға резерватынан 43 қызметкер, 16 техника тартылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллин өрттің тұтануына адам факторы әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Қазір аңшылық маусымы өтіп жатыр. Қамыс өртінің тұтануына аңшылардың далада от жағуы мен темекі тұқылын тастауы себеп болуы мүмкін», - деді Бағдат Абдуллин.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатқанын жазған едік.

Ал, кеше Атыраудағы қамыс өртінен ауада ластаушы заттар шекті мөлшерден асқанын хабарлаған болатынбыз.

Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есеновтің айтуына қарағанда, Атырау қаласының бірнеше бөлігінде түтіннің иісіне байланысты атсосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізілген.

«Мониторинг кезінде күкіртті сутек, көміртек, азот диоксиді секілді ластаушы заттардың ингриденттері қамтылды. Ауаға тараған зиянды заттардың шекті мөлшерден асу дерегі тіркелді», - деп мәлім етті Ерлан Есенов.