Атырау облысына көшіп келген 239 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау облысына шет мемлекеттерден 239 этникалық қазақ көшіп келді. Оларға қандас мәртебесі берілген.

Фото: www.gov.kz

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының міндетін уақытша атқарушы Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуына қарағанда, қандастар 7 мемлекеттен қоныс аударған. 

«Биыл жыл басынан бері Атырау облысына Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қытай, Түрікменстан, Украина, Тәжікстан мен Түркия елінен 198 отбасы көшіп келді. Бұл отбасылардағы 239 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Олардың арасынан 21 қандас жұмыссыз ретінде тіркелген еді. Қазір олардың 7-еуі тұрақты жұмысқа орналасты. Енді тіркеуге алынған өзге қандастарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып отыр. Осыған байланысты оларға түрлі мекемедегі бос жұмыс орындары ұсынылды», - деп хабарлады Еркебұлан Әбілқасымов.

Оның пікіріне сүйенсек, Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендердің ұлты қазақ екенін растайтын құжаты болуы қажет.

«Мұндай құжаты болмаса, көшіп келушілердің ұлтын айқындау мәселесі арнайы комиссияда қаралады. Кейін жергілікті атқарушы орган аталған комиссияның ұсынысы негізінде қандас мәртебесін беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды», -деп мәлім етті Еркебұлан Әбілқасымов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынова дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын алғанын  хабарлаған болатынбыз.