Атырау облысына шетелден 169 этникалық қазақ көшіп келді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысына жыл басынан бері шет мемлекеттерден 169 қандас қоныс аударды. Қандастар Атырау қаласына, Жылыой, Құрманғазы және Мақат ауданына қоныстанды.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, жыл басынан бергі 6 айда шетелден 122 отбасы тұрақты тұру мақсатында қоныс аударған.
– Қандастардың басым бөлігі – 127 адам Өзбекстан Республикасынан көшіп келді. Ресей Федерациясынан 22 адам, Түрікменстан Песпубликасынан 12 адам, Қытай Халық Республикасынан 7 адам және Моңғолиядан 1 адам қоныс аударып отыр. Олардың 153-і Атырау қаласына, 7-еуі Жылыой ауданына, 8 адам Құрманғазы ауданына, 1-еуі Мақат ауданына орналасты, - дейді Гүлболат Аманғалиева.
Биыл Атырау облысында қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында 100 адамға квота бөлінген. Осы кезге дейін комиссия шешімімен 56 отбасы (90 адам) квота алған.
– Квота алғандардың арасында Өзбекстаннан 63 адам, Қытайдан – 10, Ресейден – 10, Түрікменстаннан 7 қандас бар. Қандастардың көші-қон шығындарын өтеу үшін 81 адамға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 22 млн 294 мың 440 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Ал, 6 отбасы құрамындағы 13 адамға тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдер үшін 20-25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 727 мың 420 теңге көлемінде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалды, - деп хабарлады Гүлболат Аманғалиева.
Оның дерегіне қарағанда, заңда көрсетілген мерзімге сәйкес 15 қандастың мәртебесі 6 айға ұзартылған. Оның ішінде 13 қандас Өзбекстаннан, 1-еуі Моңғолиядан, тағы 1 адам Түрікменстаннан келген.
– Қазір Атырау облысында қандастарды уақытша орналастыру орталығы тұрақты жұмыс істейді. Мақсатымыз – елге оралған қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне жасалған нақты қолдау көрсету. Мансап орталықтарына жүгінген 10 қандастың 5-еуі әлеуметтік қолдауға ие болды. Екеуі тұрақты жұмысқа, 2 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылып, 1 адам қайта даярлау курсына жіберілді, - деп мәлім етті Гүлболат Аманғалиева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдететін құжат жобасы талқылауға шығарылғаны хабарланған еді.