Атырау облысына төтенше жағдай кезінде қолданылатын L-410 ұшағы жеткізілді

Фото: Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін L-410 ұшағы қолданылады. 

Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бұл ұшақ «Казавиақұтқару» АҚ-ның батыс аймақтық басқармасының авиациялық паркі теңгерімінде болады. 

— Біріншіден, бұл ұшақ Төтенше жағдайлар министрлігі құрамындағы авиациялық қызметтің жеделдігін арттырады. Екіншіден, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтеді, -деді Шыңғыс Әрінов.

Министрдің мәліметінше, L-410 ұшағы Чехия Республикасында шығарылған. Бұл — еуропалық Aircraft Industries компаниясының жаңартылған көп мақсатты турбовинттік әуе кемесі. Оның кабинасы Garmin-3000 авионика жүйесімен жабдықталған. Мұндай жүйе навигациялық дәлдікті арттырып, ұшуды барынша қауіпсіз етеді.

Заманауи ұшақ 19 адамды немесе 2-3 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Максималды ұшу жылдамдығы — сағатына 417 шақырым. Әуе кемесі -50°C-дан +50°C-ге дейінгі экстремалды температура жағдайында ұша береді. Сондай-ақ, 500 метрлік арнайы дайындалған жолаққа ұшып-қонады.

— Ұшақ бортында заманауи зембілдер, ауыр науқастарды тасымалдауға арналған жабдықтар бар. Ұшу кезінде сырқаттардың өмірін сақтауды қамтамасыз ететін қосымша жабдық орнатудың мүмкіндігі қарастырылған, - деді министр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында 450 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған едік