Атырау облысы прокуратурасының ақпаратына қарағанда, фронт-офисте инвесторлардың шағымы жедел түрде қарастырылған.
«Фронт-офисте инвесторға жәрдем көрсету және уәкілетті орган жол берген заң бұзушылықтарды жою мәселесі қаралды. Мақсат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсету. Мәселен, «А.Сисенов» жеке кәсіпкерлігі Жылыой ауданының Құлсары қаласында жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Инвестор сүт және сүт өнімдерін өндіруге арналған жобаны іске асыру кезінде аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы тарапынан кедергіге тап болып отыр. Жергілікті инспекция ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруден негізсіз бас тартқан. Осылайша жобаға әкімшілік кедергі келтірілді», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша инспекция басшысы кәсіпкерге қорытынды беруден негізсіз бас тартқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал, инвесторға салалық қорытынды берілген.
«Инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі жұмыс жалғасын табады. Бұл қадағалау органының жанындағы мобильді топтың ұдайы бақылауында болады», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мұнай компаниясы мемлекетке 673,1 млн залал келтіргенін хабарлаған болатынбыз.