Облыс прокуратурасы атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнаманың сақталуын тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Жыл басынан бері заң бұзушылықтарды жою мақсатында 29 прокурорлық ұсыныс енгізілді. Соның нәтижесінде мемлекет пайдасына 137,8 млн теңге өндірілді.
— Сондай-ақ 124 млн теңге алимент қарызы мен 842 мың теңге жалақы бойынша берешек өтелді. Заң талаптарын бұзғаны үшін 35 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке, ал 68 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген ведомство хабарламасында.
Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтару фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабымен 18 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда алты борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, 2026 жылғы 19 мамырда Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алимент бойынша 7 млн теңге қарызы бар, екі жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемеген «К» есімді азаматты бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Бұған дейін Түркістан облысында 50 борышкер алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын жаздық.