Атырау облысында 15 мың бала 1-сыныпқа қабылданады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жаңа оқу жылында 15 200 баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Құжат қабылдау науқанының алғашқы кезеңінде 10 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 60 пайызға жуығы онлайн форматта рәсімделді.

Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінен

Биыл бірінші сыныпқа құжат қабылдау науқаны 18–28 маусым аралығында өтті. Осы кезеңде өңір бойынша барлығы 9 981 өтініш тіркелген.

Оның ішінде 5 959 өтініш электронды OQU платформасы арқылы eGov порталына жолданса, 4 022-сі қағаз жүзінде қабылданған.

Өтініштерді қарау барысында талаптарға сәйкес келмеген 3 810 құжат түзету үшін кері қайтарылды. Қазіргі уақытта 6 171 баланың құжаттары мақұлданған. Оның ішінде 4 139 оқушы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға, ал 2 032 оқушы орыс тілінде оқытатын сыныптарға қабылданды.

Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, ата-аналар құжаттарды тапсыру кезінде олардың толық әрі қолданыстағы талаптарға сәйкес рәсімделуіне ерекше назар аударуы қажет.

— Құжаттардың толық әрі дұрыс рәсімделуі өтінішті қарау мерзімін қысқартып, қабылдау процесінің сапалы әрі жедел жүргізілуіне мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналардан құжаттарды тапсырар алдында олардың талаптарға сәйкестігін мұқият тексеруді сұраймыз, — деді Айнагүл Жұмағазиева.

Айта кетейік, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.

Бұған дейін колледждерде құжат қабылдау 25 маусымда басталатынын жазған едік.