Атырау облысында 250 тонна пішен бес сағатта жанып кетті

Фото: Фото: Атырау облысы ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында шаруа қожалығының 250 тонна пішені өртенді. Жалын 5 сағаттан кейін сөндірілді.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт кеше, 28 сәуірде түнгі сағат 23:30-да оқшауланған. 

«Құрманғазы ауданының Мақаш ауылдық округінде шаруа қожалығының 250 тонна пішені өртенді. Пішен 200 шаршы метр аумақта жиналып тұрғаны анықталды. Жалын кеше, 28 сәуірде түнгі сағат 23:30-да оқшауланып, бүгін таңғы сағат 04:30-да толықтай сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Жалынды сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің 9 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органнан 5 ерікті, 3 техника, ауылдың 10 тұрғыны қатысқан. 

Пішен өртінің тұтану себебі әзірге белгісіз.

Қазір өрт сөндірушілер анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болғанын жазған едік.