Атырау облысында 29,4 мың көпбалалы ана, 32 мыңнан астам кәсіпкер қыз-келіншек бар

Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында мектеп мұғалімдері мен дәрігерлердің басым бөлігін қыз-келіншектер құрайды. Ал өндірісте 6,9 мың әйел жұмыс істейді.

Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қыз-келіншектер тек мемлекеттік қызметпен шектелмейді.

– Атырау облысында өндірісте жұмыс істейтін 29,6 мың адам бар. Оның 6,9 мыңын әйелдер құрап отыр. Олардың 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандығын игерген. Демек, қыз-келіншектер техникалық және физикалық жұмыстарды атқарып жүр, - дейді Серік Шәпкенов.

Мәселен, Қызылқоға ауданында тұратын еңбек ардагері Қамқа Айтбаева еңбек жолын механизатор болып бастаған.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Түрлі ауыр техниканы жүргіздім. Слесарь болып та жұмыс істедім. Қай жұмыс та оңай емес. Бірақ жұмысыңды ерінбей атқарар болсаң, адам еңбегіңнің жемісін көресің. Қарапайым еңбек жолынан өтіп, зейнетке шықтым, -дейді Қамқа Айтбаева.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, мұнайлы өңірде көпбалалы 29 479 ана бар. Оның ішінде 3826 анаға «Алтын алқа», ал 6363-іне «Күміс алқа» берілген. Сондай-ақ 200 ана «Ана даңқы», 322 ана «Ардақты ана» наградасын алған.

Ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыровтың мәліметінше, 56 мыңға жуық дара кәсіпкерлік нысанының 58 пайызына қыз-келіншектер жетекшілік етеді. Бұл – 32 мыңнан астам әйел.

– Әйелдердің кәсіпкерлігіне қолдау шаралары көбейді. Мәселен, былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 400 кәсіпкер әйелге қолдау көрсетілді. Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытымен 14 әйелге мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалы арқылы жобасы қолдау тапқан кәсіпкерлердің арасында 71 қыз-келіншек бар. «Бизнес-аймақ» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, кәсіпкер әйелдердің 17 жобасы қаржыландырылды, - деді Сәттіғұл Сабыров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын босану үстінде көз жұмған әйелдердің арасында көпбалалы аналар көп екенін жазған едік.