Атырау облысында 4 кәсіпорын жұмысшыларға 33 млн теңге жалақы қарыз
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары 28 кәсіпорынның 223 жұмысшыға 66 млн теңге еңбекақы берешегі барын анықтады. Жыл соңына дейін 24 мекемеден 165 жұмысшының 33 млн теңге жалақы берешегі өтелген.
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметіне сүйенсек, былтыр жұмысшылар 2158 шағым түскен. Бұл алдыңғы жылдан 26 пайызға артқан.
«Шағымның дені жалақыны уақытында төлемеу, жұмыстан заңсыз шығару, еңбек шартын жасамау, қауіпсіздік талабын сақтамау секілді мәселелерді қамтыды. Еңбек кодексінің талабын бұзған кәсіпорындарға 17 млн теңгенің айыппұлы салынды. Жұмысшының еңбекақысын төлемеу – әлеуметтік жағдайына әсер беретін фактор. Сол себептен, еңбекақыны кідірту мен төлемеу жағдайына жол бермеу үшін тиісті органдармен бірлесіп, жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізудеміз. Қазір жеке сот орындаушылары үш мекемеден 20 жұмысшыға 11,6 млн теңге жалақы берешегін мәжбүрлі түрде өндіру жұмысын қолға алды. Ал, «ГазСтройМонтаж KZ» ЖШС-да 38 жұмысшыға 21,4 млн теңге жалақы берешегі қалыптасқан. Осыған байланысты тиісті жұмыс атқарылып жатыр», - деді Игілік Әубәкіров.
Оның айтуынша, әр жұмысшы Еңбек кодексінің талабын білу қажет. Заң табалын білу өз құқығын қорғауға жол ашады.
«Азаматтар Еңбек кодексінің 33-бабының 3-тармағы негізінде жұмыс берушімен «Еңбек шартын» жасамай, жұмысқа кірісуден бас тартуы қажет. Мәселен, жастар каникул кезінде тамақтану, көлік жуу, ірі супермаркеттер секілді орындарда уақытша жұмысқа орналасады. Бірақ, көпшілігі еңбек шарттына қол қоймай, өздерінің еңбек құқығына нұқсан келтіретінін ескермейді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін Еңбек кодексінің 33-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс берушіден міндетті түрде еңбек шартын талап еткені жөн», -деді Игілік Әубәкіров.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда он күнде 321 жүргізушіден 7,8 млн теңге айыппұл өндірілгенін жазған едік.