Атырау облысында 5 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтеді

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Атырау облысында 10 желтоқсанда 5 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтеді. Ауылдық округтің төртеуі Құрманғазы ауданында, біреуі Жылыой ауданында орналасқан, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Құрманғазы ауданындағы Бөкейхан, Нұржау ауылдық округтері әкімінің өкілеттік мерзімі 27 желтоқсанда аяқталуға тиіс. Аталған ауданның Азғыр, Кудряшов, Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылдық округі әкімінің өкілеттігі 30 қазанға дейін мерзімінен бұрын тоқтатылған.

«Осындай себепке байланысты аталған ауылдық округтерде әкім сайлауы тағайындалды. Сайлау 10 желтоқсанда өтеді», -делінген аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратында.

Құрманғазы ауданындағы Бөкейхан ауылдық округі Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінің жағалауында орналасқан. Бұрын бұл ауылдың атауы Котяев, ал, округ Байда деп аталған еді.

Шекарадағы ауыл тұрғындары бірнеше рет ауылдың да, окургтің де атауын өзгерту туралы екі ұсыныс айтқан. Оның бiрiншici – Котяев атауын Бөкей хан деп өзгертiп, округтiң атауын бұрынғыша қалдыру. Ал, екінші ұсыныста округке де, ауылға да қазақтың бiртуар тұлғасы Бөкейханның атын беру ұсынылған.

Былтыр тұрғындардың ұсынысы облыстық мәслихаттың сессиясында қаралды. Депутаттар тұрғындардың екінші ұсынысына қолдау білдірді. Сөйтіп, облыстық мәслихаттың шешімімен округке де, ауылға да Бөкей хан атауы берілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Ресеймен шекарадағы ауылдар атауы өзгергенін хабарлаған болатынбыз.