Атырау облысында 5 айда заңсыз айналымнан 7,9 келі есірткі алынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының полицейлері 5 айда заңсыз айналымнан 7,9 келі есірткі тәркіледі.
Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұхановтың айтуынша, жыл басынан бері есірткі қылмысымен байланысты 74 дерек тіркелген.
«Соңғы кезде жастар арасындағы заңсыз есірткіге әуестік өзекті мәселеге айналып отыр. Мәселен, өткен жылы заңсыз айналымнан 5 келі 487 грамм есірткі тәркіленген еді. Ал, биылғы 5 айда заңсыз айналымнан 7 келі 961 грамм есірткі заттары алынды. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жедел профилактикалық іс-шаралар өткізуді қолға алды. Сондай іс-шараның бірінде Атырау қаласының тұрғыны заңсыз фитозертхана ұйымдастырғаны үшін ұсталды. Күдіктіден 68 түп сора өсімдігі тәркіленді», - деді Роман Ермұханов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 1 келіден астам синтетикалық есірткі сатпақ болған екі күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.
Тексеру кезінде 21 және 25 жастағы екі күдіктінің Тараз қаласынан Атырауға есірткі сатуға келгені анықталды. Күдіктілердің тұрғын жайынан 1 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Атырау қаласының аумағында сату үшін жасырын орынға тыққан 300-ден астам орамға оралған синтетикалық есірткі табылды.