Атырау облысында 500 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Атырау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: АШМ

Тексеру барысында Қызылқоға ауданында орналасқан, шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жалпы алаңы 500 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталды.

Заң бұзушылықтарды жою мақсатында жер пайдаланушыға тиісті нұсқама берілді. Алайда нұсқама орындалмағандықтан, аталған департамент Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша департамент талабы толық қанағаттандырылды. Нәтижесінде жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан немесе нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Осыған дейін БҚО-да жер комиссиясының шешімдері заңсыз деп танылғаны туралы жаздық.