Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, оқушыларға орта білім беретін 204 мектеп бар.
«Биыл 14 700 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылардың 85%-ы қазақ сыныбын таңдап отыр. Ал, 15%-ы орыс сыныбында оқуды көздеген. Өңірдегі мектептерде 58 600 оқушы ыстық тамақпен қамтылады», - деді Орынтай Биманова.
Оның дерегіне қарағанда, Жылыой ауданында су тасқынынан 10 мектеп зардап шеккен. Қазір 7 білім ордасына орташа, 1 мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталған. Бұл ауданда жаңадан 2 мектеп салынады.
«Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 7 385 оқушы тіркеліп отыр. Ал, 60 елді мекендегі 5 821 оқушы білім ордасына тасымалданады. Бұл үшін 21 автобус сатып алынады», - деп мәлім етті Орынтай Биманова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облыстық білім басқармасының басшысы тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.