Атырау облысында 80 пәтерлік үйдің құрылысы 5 жылдан бері аяқталмай тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Индер ауданының орталығы Индербор кентінде 2021 жылы басталған 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы белгіленген мерзімнен бірнеше жылға кешігіп жатыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Үй 2021 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, мердігердің міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарт бұзылған. Қазір нысанның дайындығы - 68 %. Ал оны аяқтау үшін жобаға түзетулер енгізіліп, қосымша қаржы мәселесі туындады.

Көктем шағынауданындағы 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жоба бойынша тұрғындар жыл соңында қоныс тойын тойлауға тиіс болған. Алайда мердігер мекеме келісімшарттық міндеттемелерін уақытында орындамаған.

Фото: видеодан алынған скрин

Осыған байланысты 2023 жылғы 13 қыркүйекте мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2023 жылдың 15 қарашасында талапты қанағаттандырған. Ал «Ондасын-Строй» ЖШС-мен келісімшарт 2024 жылғы 15 сәуірде бұзылған. Кейін мердігер мекеме мемлекеттік сатып алу порталындағы жосықсыз қатысушылардың тізіміне енгізілді.

Қазір нысанның құрылыс жұмыстарының 68 пайызы орындалған. Іргетасы толық құйылып, тас қалау жұмыстары жүргізілген. Қабырғаларына сылақ жұмыстары ішінара жасалып, шатырдың каркасы құрастырылған. Электр, су және кәріз желілерінің бір бөлігі жүргізілген.

Фото: видеодан алынған скрин

Аудан әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, нысанға техникалық зерделеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша құрылысты жалғастыруға рұқсат берілген. Яғни ғимараттың іргетасы мен қабырғаларында құрылысқа кедергі келтіретін зақым анықталмаған.

- Қазір қалған жұмыстарға түзетулер енгізіліп, жоба облыстық бюджеттік комиссияның қарауында тұр. Комиссия қорытындысы алынғаннан кейін құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Оң қорытынды болса, қажетті қаржы сұратылып, құрылыс қайта жалғастыру жоспарланып отыр,-деп пікір білдірді Индер аудандық әкімдігі.

Бір қызығы, қаржы жыл басында сұратылған. Әзірге нақты шешім қабылданбаған.

Жалпы жобаның жалпы сметалық құны 1 млрд 260 млн теңгеден асады.

Алғашындағы жоспар бойынша бұл үйге баспаналары апатты деп танылған және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген отбасылар қоныстануы тиіс еді.

Фото: видеодан алынған скрин

Ауданда іске асып жатқан тағы бір жоба - Х.Нұрманов көшесінде салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үй. Бұл нысанның құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Қазір баспананың іргетасы құйылып жатыр. Жоба бойынша үйді инженерлік желілерге қосу көзделген. Құрылыс кәсіпкердің өз қаражаты есебінен жүргізілмек. Үй құрылысын толық аяқтау 2027 жылдың наурызына жоспарланған.

Айта кетейік, Индер ауданында баспана кезегінде 1 446 адам тұр.

Бұған дейін өңірге қарасты Исатай ауданында 2019 жылы құрылысы басталған, кейін іргетасынан ақау анықталған үш көпқабатты тұрғын үй бұзылатынын жазған едік. Бірнеше жыл бойы нысандарды сақтап қалу мүмкіндігі қарастырылғанымен, соңғы техникалық қорытынды нысандарды апатты деп таныған.