Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, 2024-2027 жылдары бірнеше нысанның құрылысын жүргізу қолға алынады.
«Әкімдік алдағы 3 жылға білім беру саласындағы жүргізілетін құрылыс нысандарының тізімін жасақтады. Бұл тізімде 46 мектеп пен жапсаржай, 27 балабақша, 2 колледж, 3 лагерь, 4 асхана, 1 жатақхана, 3 қосымша білім орталығы бар. Бұған күрделі жөндеу жүргізілетін нысандар кіргізілген жоқ. Жобалардың ағымдағы статусы әртүрлі, бұның ішінде құрылысы аяқтала келген, енді басталған, конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқан, жобаланып жатқан да нысандар бар. Жоспар болған соң, уақыт өтісімен оған нақтылаулар мен жаңартулар жасалатын болады», - дейді Жасұлан Бисембиев.
Оның пікірінше, әкімдіктің құрылымдары осы жобаларды жүзеге асыру кезінде ұсыныс-пікірлерді ескереді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мектептерінде қызмет бабында қайтыс болған полицей атындағы кадет сыныбы ашылғанын хабарлаған болатынбыз.