Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сүйенсек, Сарыөзек каналына бақылау, қадағалау жұмысы жүргізілген.
Атырау қаласынан Ресей Федерациясының Астрахань өңіріне дейінгі шекараға дейін қатынайтын трасса бойындағы канал жағалауында әр жерде қарабалық тұқымдас балықтың 2-3 данадан өлексесі байқалған.
«Жолдағы автокөлік көпірінің оң жағында 1 шақырымдай қашықтықтағы Сарыөзек каналы жағалауында тірі балық шабақтары өте көп. Ал, Қызылжар елді мекені тұсында канал бойы жарылып, көп мөлшердегі су далаға жайылып жатыр. Ауа температурасының ысуына байланысты суды тоқтату керек», -деп хабарлады облысаралық инспекциядан.
Инспекцияға қарасты Атырау балық инспекциясы бөлімінің мамандары арнайы аппараттармен судағы оттегі мөлшеріне, судың температурасына талдау жүргізді.
«Судағы оттегінің үлесі — 3,1- 3,8 мг/дм³, судың температурасы — 29°C, тереңдігі — 60-70 см. Балықтардың жаппай тұншығу, қылылу фактісі анықталған жоқ. Алайда, каналдағы судың тайыздануына байланысты балықтардың жаппай қырылу, тұншығу қауіпі бар», -деп мәлім етті аталған инспекциядан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың маңында аққу мен үйрек, қарға өліп жатқанын жазған едік.