Атырау облысында ауа райының қолайсыздығынан екі бағыттағы жол жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында күн бұзылды. Осыған байланысты 2 жолда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті ауа райына байланысты тұрғындарға ескерту берді.
– «Қазгидромет» РМК-ның деректеріне сәйкес, 5 наурызда Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде қар, жаяу бұрқасын, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, батысында тұман. Оңтүстік-батыстан жел соғады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде желдің екпіні секундына 17-22 метрге жетеді, -деп хабарлады өңірлік департаменттен.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, 5 наурызда сағат 14:00-ден бастап Атырау облысында ауа райының қолайсыздығына (боран, көрінудің шектелуі) байланысты республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағаш-Доссор-Сағыз» автожолының Доссор кентінен Сағыз ауылына дейінгі аралығында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Сондай-ақ сағат 14:40-та тағы бір жол жабылды. Атырау облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, Индер ауданының орталығы – Индербор кентінен Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылына дейінгі жолда көлік қозғалысы тоқтатылған. Бұл бағытта «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» жолы бар.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын бүгін еліміздің басым бөлігінде күн құбылмалы болатыны хабарланған еді.