Атырау облысында былтырғы су тасқынынан бүлінген жолда көпір пайдалануға берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтырғы су тасқыны Қызылқоға ауданының бірнеше ауылына қатынайтын жолды шайып кеткен еді. Бір жылдан соң жаңа көпір пайдалануға берілді.
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, жаңа Қызылқоға және Индер ауданының аралығындағы көлік қалпына келтіруге жол ашты.
– Жаңа инфрақұрылымдық жоба аудан орталығы мен Жангелдин, Жасқайрат, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қарабау ауылдарына, Индер ауданына қатынайтын көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, былтырғы көктемде су тасқыны салдарынан аудан орталығы мен бірнеше ауылдық округ арасындағы жолдың бір бөлігі бүлініп, көлік қатынасы уақытша тоқтаған болатын. Осы кезеңде тұрғындар аудан орталығы мен ауылдар аралығына тек айналма жол арқылы қатынап келді. Енді бұл мәселе толығымен шешімін тапты, - дейді Ержан Хайноллаев.
Көпір құрылысын «Атырауинжстрой» ЖШС жүргізген. Компания басшысы Әділбек Нұрлығожиевтың айтуынша, көпірдің жалпы ұзындығы – 580 метр.
– Былтыр шілдеде басталған көпір құрылысы барлық стандарт пен техникалық талапқа сәйкес салынды. Көпірге заманауи асфальт жабыны төселіп, жарық бағаналары орнатылды. Жол қозғалысын реттеуге арналған арнайы белгілер орнатылып, сызба жолақтар жүргізілді. Жаяу жүргіншілерге және су өткізуге өткелдер салынды, - дейді Әділбек Нұрлығожиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда су тасқыны салдарынан бүлінген көпір қайта жаңғыртылғанын хабарлаған едік.